Время приёма посетителей с 09:00 до 12:30 часов
Республиканское государственное предприятие на праве хозяйственного ведения «Государственная вневедомственная экспертиза проектов»    
Телефон
+7 (7172) 57-44-84
E-mail
gosexpertiza@gosexpertiza.kz

Жаңа футбол алаңы

2011-08-31
Жаңа футбол алаңы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған өткен жылғы Жолдауында бұқаралық спортты жандандыруға байланысты тапсырылған міндеттерге және ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, облыста спорт саласына ерекше маңыз берілуде. Жастардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, саламатты өмір салтын насихаттауға және тұрғындардың тұрақты түрде дене шынықтыру және спортпен айналысуына бұл игі шаралардың атқарар маңызы зор. Осы бағытта облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен өңірімізде балалардың 65 ойын алаңқайы мен әр ауданда бір-бірден футбол алаңын салу бастамасы бүгінде нақтылы нәтижесін беруде. Соның бірі – Спорт мерекесі қарасаңында Жуалы ауданында балалардың футбол алаңының салтанатты ашылуы болды. Оған облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысып, сөз сөйледі.

— Қымбатты Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары! Сіздерді жаңа футбол алаңының ашылуымен құттықтаймын! Елбасының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, қазір нақты шаралар жүзеге асырылып келеді. Халқымызда «Алыптар ауылдан шығады» деген сөз бар. Біздің облысымыздан атақты спортшылар шыққан. Олардың көбі – ауылдың балалары. Сондықтан, былтырдан бері біз ауылдағы жастар өміріне аса көңіл бөлудеміз. Өткен жылы ауылдар мен аудан орталықтарында бокс залдарын аштық. Былтырдан бастап жаңа футбол алаңдарының құрылысы жүргізіліп, бүгінде 7 спорт алаңын көпшілік пайдалануда. Жылдың соңына дейін әр аудан орталықтарында осындай футбол алаңқайы іске қосылады. Әрқайсысы халықаралық УЕФА стандартына сай салынған. Ондағы соңғы үлгідегі жасанды төсеніш арнайы Голландиядан әкелінген. Себебі, сапасы өте мықты, ұзақ мерзімге арналған және балалардың ойнауына қауіпсіз. Алаңдардың құрылысы республикалық футбол федерациясының және демеушілердің есебінен жүргізілуде. Біздің өңірден Сейітжан және Сейілда Байшақовтар, Нүркен Мазбаев, Ерлан Елеусінов, Азамат Ниязымбетов сияқты мықты футболшылар шығады деп сенемін, - дей келе, облыс басшысы аудан тұрғындарын жаңа футбол алаңының ашылуымен құттықтады.
Осы іс-шараға арнайы келген Қазақстан Республикасы футбол федерациясының вице-президенті Михаил Гурман: «Еліміз соңғы жылдары балалар футболына ерекше көңіл бөлуде. Бұл – жақсы бастама. 2012 жылға дейін аймақта осындай 20 алаң ашу жоспарлануда. Мен бірқатар облыстарды араладым, соның ішінде Жамбыл облысында қысқа мерзім ішінде бірнеше футбол алаңдарының бой көтергеніне куә болдым. Мұның барлығы болашақ жастар үшін жасалған игі шаралар. Бұл сауда-саттық орнына айналдыратын жер емес, сондықтан, балалар футболмен тиімді шұғылданып, нәтижесін көрсетулері керек. Спорттың бұл түрінің әдіс-тәсілдерін үйрететін арнайы бапкерлер беріледі. Футболдан алғашқы Олимпиада чемпионы, жерлестеріңіз Евгений Яровенко жоғары дәрежелі спортшы. Жастардың осындай талантты футболшы болуларына тілектеспін. Және республикалық футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтың атынан облыс әкімі Қанат Алдабергенұлына өңірде спорт саласының қарқынды дамуы жолында қолға алған игі бастамаларына алғыс білдіремін», – деді.
Балаларға спорттық киімдер мен футбол доптарын тарту еткен облыс әкімі Қ.Бозымбаев алғашқы допты қақпаға бағыттады. Көлемі 22х42 метрлік жаңа футбол алаңына бес сантиметрлік голландиялық жасанды төсеніш төселген. Айналасы биік қоршаумен қоршалған нысанға 7 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.