Время приёма посетителей с 09:00 до 12:30 часов
Республиканское государственное предприятие на праве хозяйственного ведения «Государственная вневедомственная экспертиза проектов»    
Телефон
+7 (7172) 57-44-84
E-mail
gosexpertiza@gosexpertiza.kz

Астанада Жамбыл облысының күндері өтті

2011-09-12
Астанада Жамбыл облысының күндері өтті

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына орай ұйымдасты­ры­лып отырған аймақтардың Астанадағы күндерін өткен бейсен­біде Жамбыл, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары бастады. Киелі Әулиеата өңірінен таңмен таласа жеткен қонақтарды астаналықтар теміржол бекетінде дәм-тұзбен, ән-күймен және құшақ-құшақ гүл шоқтарымен қарсы алды. Шығыстан шырай­ланып көте­рілген күн сәулесі Елорданың еңселі ғимараттарының басын алтын нұрға бөлей бастаған шақтағы таңғы таза ауамен астасқан кіршіксіз көңілдердің қауышуы қандай ғажап еді!

Облыс делегациясы Шерағаңды – Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаны алға салып, Астана төрінде орын алған жыр алыбы Жамбылдың және тұла бойы ерен ерлік пен өр намыстан жаралған батыр Бауыржан Момышұлының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Жамбыл жерінде өмірге келген, бүгінде Елордада еңбек ететін, еліміздің мақтанышына айналған белгілі өнер қайраткерлері, ғалымдар, депутаттар, мемлекеттік лауазымды қызметшілердің бір тобы осында туған жерінен келген жерлестерімен жүздесіп, мереке қуанышына ортақтасты.
Бұрын хабарлағанымыздай, бұл мерекелік шараға облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері алдын ала аттанған болатын. Тараздан артынып-тартынып шыққан керуен «Хан шатыры» сауда кешені маңына тізгін тартқан екен. Осы жерде бой көтерген, айналасы көне Тараз қаласының биік қорғанын бейнелейтін құрастырмалы биік белдеумен қоршалған, екі жағына батырлардың ат үстіндегі мүсіндері қойылған айшықты аркасы бар, аумағы тай шаптырым «Көне Тараз жәрмеңкесі» сауда қалашығы астаналықтардың назарын алыстан өзіне тартып тұрды. Бейне бір осы заман қаласының ортасына ертегі елінен ежелгі қала көшіп келіп қонғандай.
Жәрмеңкенің ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев қатысып, сауда қатарларын аралап шықты (суретте). Соңынан журналистердің сұрақтарына жауап берген Қанат Саудабаев мынандай аста-төк берекелі жәрмеңкенің өзі-ақ облыстың өсіп-өркендеу деңгейін көрсететініне назар аударды. Бүгінгі осы шарамен аймақтардың өз жетістіктерін дәріптеу, астаналықтарға көрсету шерулері басталды, деді Мемлекеттік хатшы. Ал, облысымыздың басшысы Қанат Бозымбаев Жамбыл облысының Астана қаласындағы күндері аясында ұйымдастырылып отырған бұл шараның әулиеаталықтардың елордалықтарға мерекелік тартуы екендігін атап көрсетті. Жәрмеңкеге жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
Осыдан кейін сауда қалашығындағы 42 палаткада облысымыздың барлық аудандарының өкілдері саудаларын қыздырды. Олар өнімдерін базар бағасынан 15-20 пайызға арзан ұсынды. Алғашқы сағаттардан-ақ, сауда қызып, жәрмеңке алаңы сатып алушыларға толды. Оңтүстіктен жеткен жеңсік жеміс, жидектер мен бау-бақша өнімдерінің алдында әжептәуір кезек пайда болды. Сауда-саттықпен қатар, жәрмеңке қонақтарына облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, келушілер ұзақты күн әсем әндер мен мың бұралған билерді тамашалады. Біз жәрмеңкеге келген астаналықтардың бірқатарын әңгімеге тартқан едік, жамбылдықтардың ақжарма көңіліне ризалықтарын жарыса жеткізді.
Заманбеков Асқар, астаналық жеке кәсіпкер:
– Бүгін үш жерде үш облыстан жәрмеңкелер өтіп жатыр екен, көпшілік алдымен осында ағылуда. Өйткені, қысқа дайындап алатын азық-түліктің түрлері мұнда мол әрі арзан боларын біледі. Біз де бүкіл отбасымызбен келіп, керек заттарымызды алып, қайтып барамыз. Жамбылдықтарға үлкен рахмет. Әкімдеріңізге алғысымызды жеткізулеріңізді сұраймыз.
Ыбырайымова Несіпкүл, зейнеткер:
– Астаналық ұлымыздың қолына көшіп келгенімізге екі жылдай болды. Өзіміз жаңатастықпыз, сондықтан жерлестерімізді көрейік, өнімдерін алайық деп ертелеп келдік. Тараздықтар мұнда тауарларын ғана әкелмепті, ән-жырдан шашу шаша келген екен, бір жағынан тегін концерт тыңдап құлағымыздың құрышы қанды.
Самат, Айтолқын Нүсіпбековтер:
– Жәрмеңкелеріңіз тамаша болды, айтары жоқ. Жиі келіп тұруларыңызды өтінеміз.
Сондай-ақ, Астанадағы күндер бағдарламасы аясында облыс әкімі Қ. Бозымбаев астаналық бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізді. Ал, «Хабар» телеарнасында жамбылдық зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Сонымен, солай дейік» телехабары ұйымдастырылды.
Бейбітшілік және Келісім сарайында аймақтардың Тәуелсіздіктің 20 жылында қол жеткен жетістіктері көрмесінің тұсаукесері өтіп, оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ол Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары өнер шеберлерінің бірлескен Гала концертіне ұласты.